Ақмола облысында бірқатар мектептерге көрнекті тұлғалардың есімдері берілді
Бүгін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев дарынды балаларға арналған қазақ тілінде оқытатын № 3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында болды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Оқу мекемесіне биыл қазақстандықтар 175 жылдығын атап өтіп жатқан қазақтың ұлы жазушысы Абай Құнанбаевтың есімі берілді.
Өңір басшысы мекеменің педагогикалық ұжымын осындай қуанышты оқиғамен құттықтап, мектепте балалардың сапалы білім алуына, қосымша білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
"Абай атындағы мектеп оқушыларының білім сапасы алдағы уақытта да осындай жоғары атаққа сәйкес келетініне сенімдімін. Мектептің алдында әлі де көптеген жетістіктер мен үлкен жеңістер бар.
Биыл жұмыспен қамту жол картасы аясында барлық корпустардың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және мектеп аумағын абаттандыру жүргізілді", - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Іс-шара соңында Ақмола облысының әкімі білім беру мекемесінің аумағында орналасқан өңірдегі алғашқы "Абай аллеясына" ағаш отырғызды.
"Жас ақындар мен жазушылар Ақмола өлкесінің әдеби мұрасын байытуға шабыт алады", - деп түсіндірді аймақ басшысы.
Айта кетейік, облыстың тағы бес білім беру мекемесіне көрнекті тұлғалардың есімдері берілген. Мәселен, Көкшетаудағы "ІТ мектеп-лицейі" қазір ұлы ғалым әл-Фарабидің есімімен аталады. Степногорск қаласындағы № 1 ОМ – Ыбырай Алтынсариннің, № 2 ОМ - Ахмет Байтұрсыновтың, № 8 ОМ – Шоқан Уәлихановтың және № 9 ОМ-Қаныш Сәтбаевтың есімдері берілді.